Рет қаралды 4,986
2023 жылғы 10 наурыз күні Алматы қаласында «Жібек Жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығына қарасты «Ғазиза ана» қайырымдылық мекемесіне қатысты Жаншакимова А.С. өзін-өзі өлтіруге итермелеу фактісі бойынша (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабының 1-бөлігі) қозғалған қылмыстық іс» бойынша баспасөз конференциясы өтті. Аталған конференцияға «Жібек Жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығының баспасөз хатшысы А. Чуматанов, «Ғазиза ана» қайырымдылық мекемесінің директоры С. Асилов, ата-аналар комитетінің төрайымы Г. Бегматова, «Intellect7G» Ассоциациясының президенті, педагог, психолог М. Еликулова және «Adil Zan Group» ЖШС компаниясының заңгері О. Нұрахметов қатысты.
Аталған конференцияда тағылған айыптаулар мен әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жаңалықтардың әрбіріне заңгер О. Нұрахметов мырза жеке-жеке тоқталып, негізсіз әрі жалған ақпарат екендігін заң аясындағы баптармен дәлелдеп отырып айтып өтті. Тағылған айыптауға қатысты Intellect7G қауымдастығының президенті Еликулова М.Ж. тарапынан «Ғазиза ана» қайырымдылық мекемесі тәрбиеленушілерге бағытталған тәуелсіз психологиялық сараптама жүргізілді. Сараптама қорытындысы нәтижесінде мекеменің ішкі іс қағаздары мекеме Жарғысына сәйкес жүргізілетіндігі, оқушылармен жүргізілетін оқу-тәрбие жұмысының күнделікті жүзеге асырылатындығы, мекеменің кітапхана қоры ұлттық әдеби жанр, тәрбиелік сипаттағы әдеби кітаптар және ғылыми-медициналық жанр бағытында шоғырланғандығы анықталған. «Ғазиза ана» қайырымдылық мекемесінің ата-аналары мен тәрбиеленушілері арасында діни радикалды ауытқулардың болмағандығын анықтауға дінтанушы Жетібаев Е.Ж. көмектескен. Мекеме қызметкерлерінің дүниетанымында деструктивті көріністердің жоқ екендігі, мекемеде 15-20 жас аралығындағы тәрбиеленушілер арасында психологиялық ауытқу белгілері байқалмағандығы белгілі болды.
Ата-аналар комитетінің төрайымы Г. Бегматова ханым «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығының құрамына кіретін қайырымдылық мекемелері балалардың заңды өкілдеріне тәрбиеленушілер үшін ең жақсы жағдайлар жасау бойынша қызмет көрсететіндігін, ата-аналар ұжымы ретінде мекемеге қатысты ешқандай шағым, наразылықтарын болмағандығын, керісінше беріліп жатқан тәлім-тәрбие мен қамтамасыз етіп отырған қызметтерге шексіз алғыс білдіретіндігін атап өтті.
Жиын соңында көрермен тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беріліп, келген қонақтарға «Жібек Жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығы атынан дайындалған сыйлықтар тарту етілді.