Рет қаралды 37,583
Әр адам кішкентай ғана үмітпен өмір сүреді. Жақынын жоғалтқандар мен жоғын іздейтіндерді де үміт жетелейді. «Үйден шығып кетіп, қайта оралған жоқ». Дәл осы жантүршігерлік сөздер де жанын шүберекке түйген жандардың үмітін үзбей, сенімін жалғайды. Жақынын іздеп, шарқ ұрған жандардың жан айқайы көңілді алаңдатады. Айдың-күннің аманында адамдар неге жоғалады? Жақын адамыңыз хабар-ошарсыз кетсе, қандай қадамдар жасалуы керек? Дүрбелеңге салынбай, дұрыс бағытта ізденудің жолдары қандай? Бүгінгі талқының тақыры осы. Иә, тақырып ауыр болса да, бұл хабарды жасауға мәжбүр болдық. Өйткені зар жылаған ананың, көкірегі шерге толған әкенің қайғысын көрген кезде үнсіз отыра алмадық. Біздің редакциямызға Павлодар қаласының тұрғыны көмек сұрап хабарласты. Шәкен Жауынбаева 15 жылдан бері баласын іздейді. Зар жылаған Шәкен апа ұлы табылып қала ма, біреу байқап, көріп, хабарын бере ме деген үмітпен бүгін хабарымызға арнайы келді.