ҚАЛАҒА ХАТ (жерлестер форумынан кейінгі ой) Қаланы қопардың да, шайқадың да, Бірақ, бақыт таппадың, байқадың ба? Бақыт деген қалаға барған жоқ қой, Бақытты болғың келсе, қайт ауылға! Бақытты біреуі едің жалпы адамның, Артығын табамын деп арқаландың. Сен қалаға кеткенде, бақыт деген Қасында қалған еді қарт анаңның! Бақыт қалған ауылда, саман үйде, Қалды ол сол әуелгі бала күйде. Бақытыңды іздесең, ауылға кел, Бақыт әлі ауылда бар, әрине! Иә, бақыт қалаға бармай қалған, Ауылды бақыт қия алмай қалған. Ал сен оны қаладан іздедің ғой, Қарашы, өмір деген қандай жалған? Салмағы сағыныштың ең ауыр ма? Сағынсаң, келсеңші енді, кел ауылға. Біржола келмесең де, тым құрыса, Келсеңші, тынығуға, демалуға. Таста да жұмысыңды, сауығыңды, Келіп бір, қуантсаңшы ауылыңды. Көлігіңді көрсету үшін келме, Көру үшін кел елді, бауырыңды! Сені ауыл күтеді, ал асыға, Келе жатқан шығарсың шамасы да. Қолыңда бір кәмпитің артық болса, Алып кел ауылыңның баласына. Қаладан үй салсаңда хан қасына, Ауылыңның үйіндей бар ма сірә? Бір шегең артық болса, ойланбастан Әкеліп қақ ауылдың ауласына. Ауыл солай биікте қалу керек, Сол ауылға ерінбей бару керек. Адамның кіндік қаны тамған жерге, Маңдайының тері де таму керек. Қадірін туған жердің сеніп, білші. Елге қарай өзіңді еліктірші! Ештеңе бермесең де, ауылыңа, Сәлем беріп кетуге келіп тұршы!