Жүрегім, мен зарлымын жаралыға, Сұм өмір абақты ғой саналыға. Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі, Сондықтан жаным күйіп жанады да. Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң, Толғанып қарауым сол баяғыға. Түйіннің тоқсан түрлі шешуі бар Әдемі ертегідей баяғыда. Әдемі өткенді ойлап айнымасам, Сұм өмір күшті уын аяды ма? Ертегі уатпай ма баланы да, Сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да? Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған, Еркімен өзі-ақ отқа барады да. Жай тақтақ жабайыдан жол қалғанда, Қанды ор боп ақын жолы қалады да. Ойлайды, күңіренеді, толғайды ақын, Күрсініп көзіне жас алады да. Ақында адамзаттан дос болмайды, Жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына. Мен де ойды ағытамын қаламыма, Арқаның көз жіберсем алабына: Сарыарқа - сары дария, қиыры жоқ, Көз болсын қандай қыран, талады да. Ішінде сары дария көз тоқтатар Көкшетау - Сарыарқаның аралы да. Көкшеде күні кеше қойдай өрген Түрлі аң: бөрі, бұғы, маралы да. Айрылып асау, ерке аңдарынан, Көкшенің тас жүрегі жаралы да! Арқада жер жетпейді Бурабайға, Бөленген бұйра сыпсың қарағайға. Бұлт құшқан мәңгі мең-зең Көкшетауға Бөлектеу: «Ой, бауырым!» - дер анадайда. Оқжетпес найза қия - қыранға ұя, Қарасаң, жанның шері тарамай ма? Солардың ортасында Бурабай көл Мөп-мөлдір, дөп-дөңгелек ұқсайды Айға. Бурабай - Арқа аралы, жер еркесі, Ертеде қоныс болған Абылайға. Бауырында Бурабайдың қалың ағаш, Көкшенің жалыменен біткен жалғас. Арудың ақпен өрген тұлымындай Қарағай, қызыл қайың, тал аралас. Ертеде жел өтпейтін қызыл ағаш, Дариға, бұл күндерде жап-жалаңаш! Қабірінен әулиенің алашқа артық, Ертеде Абылайға орда болған ағаш. Ордасын сол ағаштағы Абылайдың Меккедей тәуеп қылған тамам алаш. Қиын күн туған алаш баласына, Шұбырып жапанның сар даласында, Кез болған, жаудан үркіп, «Ақтабанға», Дұшпанның қалғандай боп табасына. Арқаға аяқ салып, түскен барып Екі оттың - орыс, қытай арасына.
@Айткүл-ч1к Жыл бұрын
😊
@ГуглГугл-с7м Жыл бұрын
Ай қайран Қазағым баяғы заманнан келген сөз ;Қойныңдағы Қатыныңға сенбе Астындағы атыңа сенбе деген рас екен ау.