Рет қаралды 155,156
Шымкентте қарапайым инженер мен дәнекерлеуші сиырдың қиынан биогаз алатын модульді жүйені жасап шықты. Өзге жобалардан ерекшелігі, қондырғыны толықтай қолдан құрастырған.
Оған қоса тезекпен қоректенетін бактерияны да өздері ашқан.
«Ал ірі қара малдың малағынан бөлінетін метанды сығымдап, көлікке де қолдануға болады», - дейді өнертапқыштар.
Қос өнертапқыш 30 тонналық алғашқы реакторды ашық аспан астында құрастырыпты. Қондырғы ауа райын талғамайды, жыл он екі ай жұмыс істей береді. Бір ерекшелігі, шикізат ретінде тек ірі қара малдың қиы ғана қолданылады.
Салауат Дауылбаев, инженер-электроншы
-Орта есеппен шыққан 30 тоннадан күніне 480 куб таза метан ауаға кетеді. Ол жоғары азон қабатын былғайды, қоршаған ортаға зияны өте күшті. Метан көмір қышқыл газына қарағанда 28 есе қоршаған ортаға зиянды. Сондықтан малақты утилизация жасап жатырмыз.
Қондырғының құрылымы өте қарапайым. Кәдімгі малаққа су қосылып жабық бөшкенің ішінде араластырылады. Сол кезде қидың құрамындағы метан бөлінеді. 1 тонна биомассадан 27 куб метан алынады екен.
Бөшкедегі газ 18 күн бойы жанып тұрады. «Модульді жүйе шағын ауыл мен өндірісті тұтастай газбен қамтуға жетеді», - дейді өнертапқыштар.
Салауат Дауылбаев, инженер-электроншы
-Метанның тазалығы 75-80 пайыз. Оңайлықпен көзге көрінбейді. Сіздерге қағазды оталдыру арқылы көрсетейін. Арасында кішкене көмір сутегі бар. Қызыл болып жанып тұрған көрмірсутегі, одан кейін аммиак болады. Оларды арнайы қондырғы арқылы алып тастай аламыз.
Жаңа жүйенің сызбасын өздері жасаған. Цистернаның ішіне қиды араластыратын ұзындығы - 8, ені 2 метрлік білте темірі мен қалақша орнатылған. Көбіне тот баспайтын металл қолданылады. Дәнекерлеу жұмыстары мұқият жасалуы тиіс.
«Себебі иненің жасуындай тесік қалса бар жұмыс зая кетеді», - дейді Аслан Тұрсынханов.
Аслан Тұрсынханов, дәнекерлеуші
-Осы биомассаны болашақта өзінен шыққан газынан және өзінен шыққан жарығымен өзін-өзі қамтамасыз ететін жағдайға жеткіземіз. Және биоомассаны негізгі мақсатымыз - ауыл шаруашылығына және жылыжай шаруашылығында қолдану.
30 күн бойы бөшкеде тұрған биотыңайтқыш жердің құнарлығын 25-30 пайызға арттырады. Құрамындағы зиянды заттары алынған қи себілген жерге арам шөп те шықпайды екен. Ол ғылыми тұрғыда дәлелдеген.
Өнертапқыштар жасыл экономикалық жобаны толықтай интернет арқылы басқару жүйесін ендіріп жатыр. Жоба қолдау тапса, өндіріске шығаруға әзір.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов