ҚОРҒАЛЖЫН - ТЕМЕШ ЕЛІ ТУ КӨТЕРГЕН КҮН Өткенде де жазып едік, жаздың жадыраған айында әр өңір, әр аймақ өзінің өткеніне оралып, тарихи тұлғаларына тағзым жасап, ас беріп, ат шаптырып жатады. Бұл сонау замандағы - Өскенбайдың асы, Сандыбайдың Ерденінің асы, Шорманның Мұсасының асы, Қуандық Қорысбайдың асы, Сағынайдың асы секілді ұлттымызға тән дәстүрлі жиындардың бүгінге жеткен жалғасы. Және бұл тек дұға бағыштап, ас беру ғана емес, бір жағынан тарихымызды түгендеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізу. Себебі, ұлт тарихы деген әр аймақтың, әр өңірдің тарихынан құралатынын білесіздер. Осындай бір дүбірлі жиын кеше Қорғалжын жеріндегі Жантеке ауылында болып өтті. Оған себеп болған Қуандық бабаның бір тармағы Темеш ұрпақтарының ата-тек шежіресі жеке кітап болып шығуы еді. Бүгінде өсіп-өнген Темеш жұрағаттары Астана мен Қорғалжын, Нұра өңірін жайлап, одан әрі Жаңаарқа, тіпті Шымкент жеріне дейін мекендеп отыр. Осы бір тарихи-танымдық, мәдени-рухани шараны Темеш елінің бүгінгі ақсақалы, белгілі қоғам қайраткері, 90 жастаға Қасым Тәукенов қария кіріспе сөзбен ашып, мәні мен мағынасына тоқталып өтті. Асты ұйымдастырушылардың бірі Сайлау Тынысбеков бауырымыз: «Негізі төрт жарым мың адамға деп есеп жасап едік, бірақ он мыңға тарта халық жиналды. Асханаларын есептемегенде, тоқсанға тарты киіз үй тігілді. Жиналған елдің көптігі сондай, кейбір үйлер халыққа алты-жеті мәрте түстік берді», - дейді. Сол күні дәстүрге сай аламан бәйге, палуандар күресі, көкпар, ақындар айтысы, басқадай спорттық ойындардан жарыстар өтіп, лайықты жүлделер тапсырылып жатты. Аламан бәйгеге өз аймағымызды айтпағанда, бір шеті сонау Қызылорда мен Шымкенттен, Тараздар атбегілер сәйгүліктерін әкелген екен. Дегенмен бас бәйге - КИА автокөлігі Нұра ауданының жүйрігіне бұйырды. Түйе палуанның жүлдесін Шымкенттен келген бауырымыз олжалағанын естідік. Сол күні «Темеш бабаға тағзым» атты жас ақындар айтысы да ұйымдастырылды. Бүгінде халыққа танылып қалған - Таңжарық Ержан, Сырым Нығызбаев, Сағыныш Смет, Дәурен Ысқақ, Нұртілеу Төленбек, Нартай Тілеуқұл, Бек Шмат, Фариза Жетпісбай секілді жас жүйріктер қатысқан доданы халық төрт сағат бойы тапжылмай отырып тамашалады. Айтысты ұйымдастырушы - өзі бұрынғы белгілі айтыскер, бүгінде Еуразия университетінде кафедра меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы бауырымыз болса, қазылық жасағандар 2023 жылғы «Алтын домбыра» иегері Мақсат Ақанов, Иранғайып Күзембаев секілді жүйріктер және осыны жазып отырған кісі. Айтыстың Бас жүлдесі Дәурен Ысқақ бауырымызға бұйырды. Бір айта кетерлігі, біздер Қорғалжын елі дегенде, Құлтума ақынды, Мариям Жагорқызын, Кенжебек Күсімбековты, Қосымжан Бабақовты, Рабиға Есімжановты атаймыз да, тоқтап қаламыз. Ал, шындығында Қорғалжы өңірінен аузымен құс тістеген Тоқа Жұмабайұлы, Жоламан Тәттібайұлы, Түсіп Күзембайұлы, Үлебай Әнетұлы, Әлияс Әубәкірұлы, Шаймерден Мәжібайұлы, Біргебай Кемелұлы, Тұрман Бостанұлы, Бектұр Бәдіқожаұлы секілді талай майталмандар өткен. Осындай жиындарда бұл кісілердің де есімдері ұмытылмауы керек.